25/04/2024  Бейсенбі

Маңғыстау облысы бойынша тексеру комиссиясының кезекті отырысында Маңғыстау облысының денсаулық сақтау басқармасына бөлінген бюджет қаражатының және денсаулық сақтау ұйымдарының активтерінің пайдаланылуының сәйкестігіне және тиімділігіне жүргізілген мемлекеттік аудит нәтижесі қаралды.

Жүргізілген мемлекеттік аудитпен жалпы сомасы 152,2 мың теңгеге қаржылық бұзушылықтар, 260 042,4 мың теңгеге мемлекет активтерінің тиімсіз пайдаланылуы және бірқатар рәсімдік сипаттағы бұзушылықтар анықталды.

Маңғыстау облысының денсаулық сақтау басқармасында жоспарланған сомадан 31 337,3 мың теңгеге асыра міндеттеме қабылданған.

Денсаулық сақтау ұйымдарында жалпы құны 639 999,4 мың теңгені құрайтын 27 тұрғын үй емес ғимараттарға мемлекеттік меншік құқығы рәсімделмеген.

Ғимараттардың мақсатына сай пайдаланылмау жағдайлары анықталды, оның ішінде: Маңғыстау орталық аудандық ауруханасында - 3 ғимарат, Қарақия орталық аудандық ауруханасында - 1 ғимарат.

Маңғыстау облыстық ауруханасында құны 137 777,5 мың теңгені құрайтын 33 медициналық техника, Бейнеу орталық аудандық ауруханасындақұны 26 841,3 мың теңгені құрайтын 1 медициналық техника жұмыс жасамайды.

Маңғыстау облыстық ауруханасында медициналық техниканы сервистік қызметпен қамтамасыз етпей пайдалану жағдайлары орын алғаны, медициналық техниканы жөндеу және оған қызмет көрсету жөніндегі инженер мамандардың жоқтығы анықталды.

Маңғыстау орталық аудандық ауруханасы мен Жаңаөзен қалалық балалар ауруханасы мемлекеттік органмен берілетін тиісті рұқсатсыз радиографиялық рентген аппаратымен жұмыс жасағаны анықталды.

Сонымен қатар, бухгалтерлік есеп пен медициналық техника сатып алуды ұйымдастыруда бірқатар бұзушылықтарға жол берілген.

Жүргізілген мемлекеттік аудит нәтижесінде анықталған 11 бұзушылық фактілері бойынша лауазымды тұлғалардың әкімшілік жауапкершілігін қарау үшін тиісті мемлекеттік органдарға жолданды.

Отырыста аталған аудиторлық іс-шара нәтижесі қаралып, аудиторлық қорытынды бекітіліп, қаулы қабылданды. Мемлекеттік аудит нысандарына ұсынымдар мен бұзушылықтарды жоюға және бұзушылықтарға жол берген адамдардың жауаптылығын қарау туралы нұсқамалары жолданды.

 

Иманбердиев Нұржан Доғдырқұлұлы
Төрағаның блогы