28/03/2024  Бейсенбі

Маңғыстау облысы бойынша тексеру комиссиясының кезекті отырысында Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың тапсырмасын орындау мақсатында «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017–2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының 3-бағытының және Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасының, дағдарысқа қарсы іс-шаралардың іске асырылу тиімділігіне жүргізілген аудиторлық іс-шара нәтижесі қаралды.

         Жүргізілген аудит нәтижесінде, 2017 жылдан бастап 2020 жылдың 01 шілдесіне дейінгі кезеңде Маңғыстау облысында жұмыссыздық деңгейі 4,9-4,8% деңгейінде сақталған, қарастырылып отырған кезеңдерде елеулі өзгерістер орын алмағаны анықталды.

         Әлеуметтік жұмыс орындары, жастар тәжірибесі, қоғамдық жұмыстар, инфрақұрылымдық жобалар арқылы жұмысқа орналастыру тиімділігіне жасалған талдау нәтижесі Бағдарламаға қатысушылардың тұрақты жұмыс орындарына жұмысқа орналасу деңгейінің төмендігін көрсетеді. Шаралар мен бюджет қаражатының көп бөлігі уақытша жұмыс орындарын құруға бағытталған.

         Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасына сәйкес инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру шеңберінде Маңғыстау облысында Жол картасының негізгі мақсаттары тиісті деңгейде сақталмаған, мысалы: объектіде құрылған жұмыс орындарының кемінде 50%-ы (20 жоба) мөлшерінде жұмыссыз азаматтарды жұмыс орындарымен қамтамасыз ету арқылы жұмысқа орналастыру үшін жағдай жасау және қаражаттың жалпы көлемінің кемінде 90%-ы (25 жоба) көлемінде отандық өндірушілерден тауарлар, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу бойынша мердігерлер міндеттемелерін тиісінше орындамаған.

         Аталған жобалар бойынша Маңғыстау облысында барлығы 8 499 адамға жұмыс орындарын ашу жоспарланып, нақты 5497 адам (жоспардың  65%-ы) жұмысқа орналасқаны анықталды.

         Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің 27.03.2020 жылғы   «Жұмыспен қамтудың 2020 – 2021 жылдарға арналған жол картасын бекіту туралы» № 55-р Өкімінің басшылыққа алынбай, 20 жоба бойынша сатып алулар барысында, жекелеген мекемелерде бір жұмыс орнын құру құны белгіленген 4000,0 мың теңге мөлшерінен асыру фактілері орын алған.

         «Қыс мезгілінде құрылыс-монтаж жұмыстарын орындау кезіндегі қосымша шығындардың сметалық нормалар жинағының» 1,4-тармақтарының талаптары бұзылып, 10 жоба бойынша жаз мезгілінде орындалған жұмыстар бойынша тапсырылған акттерде қыс мезгіліне арналған коэффициенттер қолданылып,  жалпы сомасы 9 003,12  мың теңге қаражат негізсіз төленген.

         Жалпы сомасы 1 111 553,0 мың теңгені құрайтын  16 жобаны  іске асыру барысында объектілерге іс жүзінде күрделі жөндеу жұмыстары, ағымдағы жөндеу жұмыстары ретінде жүргізілген.

         Жаңаөзен қалалық құрылыс бөлімімен 2020 жылдың мамыр айына жалпы сомасы 81 125,5 мың теңгеге жұмыстарды орындау актісіне сәйкес жұмыстар тапсырылғанымен, жалпы сомасы 5 092,0 мың теңгеге жұмыстар орындалмағаны анықталды (440 метр диаметрі 325х5 темір труба орнатылмаған).

         Жаңаөзен қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімімен Жаңаөзен қаласының әлеуметтік объектілеріне жатпайтын жалпы сомасы 18 296,3 мың теңгеге 18 объектінің пандустарына ағымдағы жөндеу жүргізілген.

         Жаңаөзен қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімімен «Жаңаөзен қаласының әлеуметтік нысандарының пандустарын ағымдағы жөндеу» жобасы бойынша республикалық және облыстық коммуналдық меншіктегі 18 мекеменің пандустарына жалпы сомасы 18 296,3 мың теңгеге ағымдағы жөндеу  жұмыстары жүргізілген. Яғни, бюджет жүйесінің негізділік қағидаты сақталмай, бюджет қаражатының тиімсіз жоспарлануына жол берілген.

         Мемлекеттiк сатып алу туралы заңнама талаптарымен көзделмеген жағдайда: 4 жоба бойынша шарттар негізсіз бұзылғаны және 5 жоба бойынша бір көзден сатып алу шарттары негізсіз жасалғаны анықталды.

         Маңғыстау облысының денсаулық сақтау жүйесінің негізгі проблемалары - медицина персоналы, жедел жәрдем автомобильдері, өкпені жасанды желдету аппараттары, дәрігерлерді қорғаудағы базалық құралдарының жеткіліксіздігі болған.

         Жалпы сомасы 11 200,0 мың теңгеге жасақталған шарт бойынша халыққа аса қажетті медициналық құралдар мерзімінінен 2 ай кешіктіріліп тамыз айында жеткізілген. Коронавирус инфекциясының тіркелу жағдайларының белсенді өсуі маусым айында басталып, азаю жағдайы шілденің аяғында орын алғанын ескерсек, халықтың медициналық құралдарға  қажеттілігі уақтылы қанағаттандырылмағаны көрінеді.

         Әкімшілік шара қолдану үшін тиісті мемлекеттік органдарға 4 материал жіберілді.

         Отырыста  аталған аудиторлық іс-шара нәтижесі қаралып, аудиторлық қорытынды бекітіліп, қаулы қабылданды.

         Атап айтқанда, әлеуметтік-экономикалық жағдайдың тұрақтылығын қолдауға бағытталған бюджет қаражатының игерілуі 2020 жылдың екінші жартыжылдығына тиесілі, осыған байланысты аудитпен тек бюджет қаражатын жоспарлау және орындалудың бір бөлігі қамтылған.

         Алдағы уақытта дағдарысқа қарсы іс-шараларды іске асырудың тиімділігіне аудиторлық іс-шаралар жүргізу жұмыстары жалғастырылатын болады.

         Бұзушылықтарды жоюға және  бұзушылықтарға жол берген лауазымды тұлғалардың жауаптылығын қарау туралы нұсқамалар жолданды.

 

Иманбердиев Нұржан Доғдырқұлұлы
Төрағаның блогы