18/05/2024  Сенбі

«Маңғыстау облысының денсаулық сақтау басқармасы» мемлекеттік мекемесінде жекелеген бюджеттік бағдарламалар бойынша жергілікті бюджет қаражатын пайдалануына жүргізілген мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау

Маңғыстау облысы бойынша тексеру комиссиясының 2016 жылдың 30 мамырдағы отырысында  «Маңғыстау облысының денсаулық сақтау басқармасы» мемлекеттік мекемесінде жекелеген бюджеттік бағдарламалар бойынша жергілікті бюджет қаражатын пайдалануына жүргізілген мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау нәтижесі қаралды.

Мемлекеттік аудит нәтижесінде  жалпы сомасы 59 918,7 мың теңгеге заң бұзушылықтары анықталды.

         Атап айтқанда:

 

Бюджеттік бағдарламаларда жұқпалы ауруларды емдеуге қатысты көрсеткіштер көрсетілмеген және «Тiкелей нәтиже көрсеткiштерi» мен «Тиiмдiлiк көрсеткiштерiнің» өзара байланысы жоқтығы анықталды.

Кәсіпорынның 2014-2015 жылдарға арналған Даму жоспарлары Басқарма тарапынан уақытылы бекітілмеген және электрондық есеп уақытынан кешіктіріліп қосылған.

Басқарма тарапынан жыл сайын Кәсіпорын шығыстарының лимиттері бекітілмеген.

Кәсіпорын жарғысы Мемлекеттік кәсіпорынның үлгі жарғысына сай жасалмаған.

Кәсіпорын тарапынан 2014-2015 жылдары толық пайдаланылмаған бюджет қаражаттары  жоғары тұрған бюджетке қайтарылмаған.

Кәсіпорынның бухгалтерлiк бастапқы құжаттамалары электрондық жеткiзгiштерде жүргізіліп, қағаз жүзінде жүргізілмеген.

Кәсіпорынның 2014-2015  жылдарға арналған бухгалтерлік есептері мен қаржылық есептiлігінде қаржылық жағдайы, қызметiнiң нәтижелерi және қаржылық жағдайындағы өзгерiстер туралы толық және дұрыс ақпаратпен қамтамасыз етілмей, айналым-сальдо тізімдемесі мен бухгалтерлік баланс арасында  ауытқушылықтар бары анықталды.

Тұрғын үй-жайды жалдау, тәулікақыға сомасы 125,1 мың теңге және iссапар куәлiгi, тұрғын үй-жайды жалдау мен жол жүру шығыстары туралы құжаттарынсыз 368,2 мың теңге іссапар шығыстары негізсіз төленген.

Кәсіпорынның бас дәрігері Ш.К. Беркалиевке базалық лауазымдық жалақыдан 30% үстемақы бұзушылықпентөленген.

2014-2015 жылдары ережемен көзделмеген басқа да қызметтерге жалпы сомасы 229,4 мың теңге ақылы қызметтен түскен қаражат жұмсалғаны анықталды. 

Сонымен бірге, Кәсіпорынмен 19.12.2014 жылы «АSSORTI AKTAU» ЖШС-не жалпы сомасы 100,0 мың теңге негізсіз аударылған.

2014-2015 жылдары «Фирма Ча-Кур» ЖШС-нен сатып алынған дәрі-дәрмектерге счет-фактуралары мен жеткізу құжаттарының есебі арасында айырмашылықтар бары анықталды, яғни, Серіктестіктің есебіне негізсіз артық қаржы аударылуына жол берілген. 

Аудандық және облыстың жергілікті атқарушы органының шешімдерінсіз «Маңғыстау аудандық орталық ауруханасы» МКК есебіндегі жалпы сомасы 5 990,0 мың теңгені құрайтын 4 дана негізгі құралдарды 25.04.2014 ж. алу-беру актісімен есебіне қабылдап, мүліктерді беру туралы шешімі кейіннен 14.10.2015 жылы шыққан.

Кәсіпорын Қазақстан Республикасы Үкіметінің 28.09.2011 ж. №1103 Қаулысымен бекітілген «Cыйға тарту шарты бойынша мемлекеттің мүлік құқығына ие болу ережесінің» 3,5,7 және 10 тармақтарын басшылыққа алмай, 2014 жылы жалпы сомасы 2940,0 мың теңгенің, 2015 жылы 8500,0 мың теңгені құрайтын негізгі құралдарды тиісті тәртіппен есебіне қабылдамаған.

Кәсіпорынмен 2-ші топ бойынша шығысталуға жататын, қайталама шикізат ретінде кіріске алынуы тиіс бастапқы құны 3228,0 мың теңгені құрайтын 27 дана негізгі құралдар жойылып жіберілген.

2015 жылы Кәсіпорын мемлекеттік сатып алудың  қорытындысын бекіту туралы шешімдерінің негізінде жеңімпаз болып танылған әлеуетті өнім берушілерге мемлекеттік сатып алу туралы шарт жобаларын қол қойып, бес жұмыс күні ішінде жібермей, екінші жеңімпаз болып танылған кәсіпкерлермен келісім-шарттар жасалған.

Мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасуды регламенттейтін заң нормаларын қолданбай, 2014-2015 жылдары жалпы сомасы 25 284,7 мың теңгеге өнім берушілермен негізсіз келісім шарттар жасалған.

Анықталған заң бұзушылықтар мен кемшіліктер бюджет заңнамасының және  мемлекеттік сатып алулар туралы заңнама талаптарының, сондай-ақ бухгалтерлік есеп жүргізу тәртібінің тиісті дәрежеде сақталмауы себепті орын алып отыр.

Отырыстың қорытындысы бойынша мемлекеттік аудит объектілеріне анықталған бұзушылықтар мен жұмыстағы кемшіліктерді жою бойынша шешім мен ұсыныстардан тұратын және бұдан әрі оларға жол бермеу бойынша шаралар қабылдауға нұсқамалар жолданды.

Иманбердиев Нұржан Доғдырқұлұлы
Төрағаның блогы