08/05/2024  Сәрсенбі

Аудандық (қалалық) жер қатынастары бөлімдерінің

жер қатынастары саласындағы қызметінің тиімділігін және

жергілікті бюджетке түсетін түсімдердің толықтығы мен уақытылылығына жүргізілген бақылау нәтижесі туралы

2014 жылдың 26 желтоқсанында  Маңғыстау облысы бойынша тексеру комиссиясының кезекті отырысы өтті.

Отырыста  аудандық (қалалық) жер қатынастары бөлімдерінің жер қатынастары саласындағы қызметінің тиімділігін және жергілікті бюджетке түсетін түсімдердің толықтығы мен уақытылылығына жүргізілген бақылау нәтижесі қаралды.

Бақылау нәтижесі бойынша жалпы сомасы 149 353,9 мың теңге заң бұзушылықтары анықталды, оның ішінде бюджет кірісіне өтелуге жататын түсімдер – 80 424,1 мың теңге.

Бақылау барысында бюджет кірісіне жалпы сомасы 6 201,4 мың теңге өтелген. Бақылаудың қорытындысы бойынша отырыс өткізілгенге дейін өтелгені – 16 020,0 мың теңге.

Маңғыстау, Мұнайлы аудандық жер қатынастары бөлімдерімен бақылаумен қамтылған кезеңде бюджеттiк бағдарламалар әзірленбеген. Ақтау және Жаңаөзен қалалық жер қатынастары бөлімдерінің бюджеттік бағдарламаларын әзірлеу, бекіту кезінде заңнама талаптары сақталмаған.

Бейнеу, Маңғыстау, Қарақия, Мұнайлы аудандарының және Жаңаөзен қаласының жергілікті атқарушы органдарымен жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелерін алуға кезектілік тізімдерінің қолжетімділігін көрсетілген мерзімдерде қамтамасыз ету туралы заңнама талаптары сақталмаған.

Бейнеу, Маңғыстау, Мұнайлы аудандық жер қатынастары бөлімдерінде және Ақтау, Жаңаөзен қалалық жер қатынастары бөлімдерінде жер учаскелерін сатып алу-сату немесе жер пайдалану шарттарының уақытылы жасалмау фактілері анықталған.

Бақылау барысында Ақтау қалалық әкімшілігінің жержөніндегі комиссиясымен 2013 жылы тұрғын үй заңнамасының талаптары сақталмай, өзгерістерге келісімдерін берген пәтерлер меншік иелерінің саны пәтерлер меншік иелерінің жалпы санының үштен екісінен кем болса да, ортақ меншіктегі жер учаскесінің бір бөлігін ортақ меншіктен шығару туралы шешімдер қабылданғаны анықталды. 

Маңғыстау аудандық жер қатынастары бөлімімен жасалған шарттарда төлемақы жасау мерзімдері белгіленбеген және төлемақы жасау жөнiндегi мiндеттемелердi шартта белгiленген мерзiмде орындамаған жағдайда, тұрақсыздық айыбы төлеу тиiстігі көзделмеген.

Сол сияқты Қарақия аудандық жер қатынастары бөлімімен 12.05.2014 ж. жасалған № 20 жер учаскесін сатып алу-сату шартында төлемақы жасау мерзімі белгіленбеген. Ал, Жаңаөзен қалалық жер қатынастары бөлімімен жасалған шарттарда төлемақы жасау жөнiндегi мiндеттемелердi шартта белгiленген мерзiмде орындамаған жағдайда, тұрақсыздық айыбы төлеуі тиiстігі көзделмеген.

Маңғыстау аудандық жер қатынастары бөлімімен салық заңнамасының  талаптары бұзылып, жер учаскелерін жалға беру шарттары құнақысының есептері жасалмаған және елді мекендердің автомобильге май құю станциялары үшін бөлінген жерлері бойынша төлемақылар мөлшері қате есептелінген. 

Аудандық (қалалық) жер қатынастары бөлімдерімен Қазақстан Республикасының Жер кодексінің 14-1 бабының  3 тармағының 16 тармақшасына  сәйкес, жер учаскелерін сатып алу-сату шарттары мен жалдау шарттары талаптарының орындалуын, яғни белгіленген төлемақылардың толық мөлшерде және мерзімінде бюджет кірісіне өтелуін, бақылауды жүзеге асыру бойынша жұмыстар жүргізілмеген:

- Ақтау қалалық жер қатынастары бөлімімен жалпы сомасы 33 310,8 мың теңге төлемақылардың бюджет кірісіне төленуі қамтамасыз етілмеген;

- Қарақия аудандық жер қатынастары бөлімімен – жалпы сомасы 16 591,1 мың теңге;

- Жаңаөзен қалалық жер қатынастары бөлімімен – жалпы сомасы 9 540,6 мың теңге;

- Мұнайлы аудандық жер қатынастары бөлімімен – жалпы сомасы 4 764,6 мың теңге;

- Маңғыстау аудандық жер қатынастары бөлімімен – жалпы сомасы 112,3 мың теңге.

Сонымен бірге, аудандық (қалалық) жер қатынастары бөлімдерімен жер заңдарының және жер учаскелерін сатып алу-сату немесе жалдау шарттарының талаптарына сәйкес, төлемақы жасау жөніндегі міндеттемелерді шарттарда белгіленген мерзімде орындамаған жағдайларда кешіктірілген әрбір күні үшін тұрақсыздық айыптары есептелмеген (Ақтау қалалық жер қатынастары бөлімі – 8 122,6 мың теңге; Мұнайлы аудандық жер қатынастары бөлімі – 146,1 мың теңге; Қарақия аудандық жер қатынастары бөлімі – 123,5 мың теңге; Бейнеу аудандық жер қатынастары бөлімі – 5,8 мың теңге).

Бұл жерде аудандық (қалалық) жер қатынастары бөлімдерімен шарттарда белгiленген мерзiмде төлемақы жасау жөнiндегi мiндеттемелердi орындамаған жағдайларда шарттарды бұзып,жер учаскелерiн қайтарып беруді талап ету құқылары жүзеге асырылмай отырғандығын және бақылаумен қамтылған кезеңде наразылық білдіру, талап-арыздар беру жұмыстары жүргізілмегендігін атап өту керек.

Сонымен қатар, бақылау барысында аудандық (қалалық) жер қатынастары бөлімдерімен ауыл шаруашылығы өндiрiсiндегi шығасылардың бюджетке толық көлемде төленуі қамтамасыз етілмегендігі анықталды (Ақтау қалалық жер қатынастары бөлімі – 3 060,0 мың теңге; Бейнеу аудандық жер қатынастары бөлімі – 2 500,2 мың теңге; Мұнайлы аудандық жер қатынастары бөлімі – 949,0 мың теңге;Маңғыстау аудандық жер қатынастары бөлімі – 948,6 мың теңге; Қарақия аудандық жер қатынастары бөлімі – 248,9 мың теңге).

Бақылау нәтижесі бойынша аталған заң бұзушылықтарды  алдағы уақытта болдырмау мақсатындағы ұсынымдар мен тапсырмалардан тұратын қаулы қабылданды.

Иманбердиев Нұржан Доғдырқұлұлы
Төрағаның блогы