17/05/2024  Жұма

Ағымдағы жылдың 30 наурызында өткізілген Маңғыстау облысы бойынша тексеру комиссиясының кезекті отырысында «Аумақтық қорғаныс басқару қызметі және жұмылдыру дайындығын қамтамасыз ету» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде (бұдан әрі – Мекеме) жүргізілген мемлекеттік аудит нәтижесі қаралды.

Мекемеде жүргізілген сәйкестік аудитімен жалпы сомасы 216,2 мың теңгеге қаржылық заң бұзушылықтар анықталған, рәсімдік сипаттағы бұзушылықтар –784,8 мың теңге.

Мекеме тарапынан 011 «Аумақтық қорғанысты даярлау және облыс ауқымдағы аумақтық қорғаныс» бюджеттік бағдарламасының 169 «Өзге де ағымдағы шығындар» ерекшелігі бойынша бюджет қаржысы есебінен ауыз суға қосымша шығындар қаралып, жалпы сомасы 37,0 мың теңгеге құтыдағы ауыз сулар сатып алынған.

2015-2017, 2016-2018 және 2017-2019 жылдарға арналған 007, 012 бюджеттік бағдарламалары және 2016-2018, 2017-2019 жылдарға арналған 011 бюджеттік бағдарламасы тікелей және түпкілікті нәтиже көрсеткіштері көрсетіліп әзірленбеген. Сол себепті Мекеменің бюджеттік бағдарламаларының іске асырылуына талдау жасау мүмкін болмады.

Сондай-ақ, Мекеме тарапынан бюджеттік бағдарламаларды іске асыру мониторингінің нәтижелері туралы есептері жасалмаған.

Мекеме тарапынан 2016 қаржы жылы Бюджет кодексінің бюджет жүйесінің негізділік және нәтижелілік қағидаттары сақталмай, 2016 жыл Мекемемен 012 «Облыстық ауқымдағы жұмылдыру дайындығы және жұмылдыру» бюджеттік бағдарламасы бойынша жалпы сомасы 190 845,0 мың теңгеге сатып алу көзделген тауарлар әр түрлі себептермен сатып алынбаған.

Нәтижесінде, қазіргі уақытта бюджеттік бағдарлама бойынша жұмылдыру резерві қажетті жабдықтармен толық қамтамасыз етілмеген.

Мекеме «Маңғыстау облысы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесіне бағынышты мекеме бола тұра, ҚР Қорғаныс министрлігі жүйесінің азаматтық қызметшілеріне тиесілі үстемақы 2015 жылы Мекеменің 3 қызметкеріне жалпы сомасы 91,3 мың теңге негізсіз төленген.

2016 жылдың есептілігінде қызметкерлердің пайдаланылмаған демалыстары бойынша жалпы сомасы 784,8 мың теңгені құрайтын резервтік есептеу жүргізілмеген.

2016 жылы Мекеменің 4 қызметкеріне жалпы сомасы 38,1 мың теңге үстемақы және 2015-2017 жылдары жалпы сомасы 49,8 мың теңге іссапар шығындары негізсіз төленгені анықталды.

Негізгі құралдар мен қорлардың дұрыс сақталуы қамтамасыз етілмеген, Мекеменің қоймасында сақтаулы тұрған жалпы сомасы 377 525,4 мың теңгені құрайтын қоймадағы негізгі құралдар мен қорлардың шаң мен ылғалдан сақталуы бойынша шаралар алынбаған.

Отырыста аталған аудиторлық іс-шара нәтижесі қаралып, аудиторлық қорытынды бекітіліп, қаулы қабылданды. Мемлекеттік аудит нысанына Маңғыстау облысы бойынша тексеру комиссиясының нұсқамасы жолданды.

Жүргізілген мемлекеттік аудит нәтижесінде бұзушылықтар бойынша лауазымды тұлғалардың әкімшілік жауапкершілігін қарау үшін аудиторлық іс-шара нәтижесі бойынша материал Маңғыстау облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментіне жолданды.

 

Иманбердиев Нұржан Доғдырқұлұлы
Төрағаның блогы